Baqytoral’s Weblog

Just another WordPress.com weblog

Қазақ ұлты үшін демография — ең өзекті мәселелердің бірі

Бүгінгі таңда қазақ ұлты үшін демография мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатыны шындық. Өзінің тарих жолында талай күрделі де қатал сын өткелінен өткен қазақ халқы өз жерінде отырып азшылыққа ұшыраған болатын. Кешегі кеңестік дәуірдегі ХХ ғасырдың 30 жылдарында қолдан жасалған зұлмат кезінде ұлтымыз ашаршылыққа ұшырап, саны жағынан көп кеміп кеткен болатын. Соның зардабын әлі де, әлі күнге тартып келе жатырмыз. «Мың өліп мың тірілген қайран қазағым» (Мақаш Тәтімов) өзінің демографиялық олқылықтарының орнын толтыруы үшін әлі де күрделі асулардан асуы қажет. Қазақтар өз жерімізде басым көпшілікке айналмайынша тіл мәселесі де, дін мен діл мәселесі де ойдағыдай шешімін тауып, біз күткендей нәтижені бере алмайды. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамы бойынша қазіргі күнде қазақтар шамамен 60 пайыздық көрсеткішті құрап отыр. Кешегі кеңестік дәуірдегі зұлматты кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткішке шүкіршілік дегенімізбен де, санымыздың әлі де өсе бергені өте қажет.

Қазақтардың санын әлі де өсіріп, өз жерімізде басым көпшілікке айналуына шет елдегі қандастарымыздың да қосатын үлесі мол болатыны даусыз. Жүрегі қазақ деп соғатын, өз ұлтының болашағына бей-жай қарай алмайтын, ой-санасы сергек әрбір қазақ азаматы қазақтың санын тек Қазақстандағы қазақтармен ғана көбейту қиын болатынын түсінуі керек. Бұны Қазақстандағы қазақтардың қазіргі таңдағы табиғи өсімінен де байқауға болады. Сондықтан шет елдегі қандастарымызды, шет елдегі қазақтарды Қазақстанға көптеп тарту өте қажетті, өте игілікті іс-шара болып табылатыны анық.

Негізгі ой бұл жерде қайткенде де мемлекетімізде, Қазақстан Республикасында қазақ ұлтының санын көтеруде болып отыр. Шет елдегі қазақтарды, шет елдегі қандастарымызды Қазақстанға көптеп тарту арқылы сыртқы демографиялық қысымға бой бермеуге, төтеп беруге болады деген тұжырымға келеміз. «Қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме қазақ. Қазақ ұлтының санын көтеру, демографиялық саясат мемлекет тарапынан белгілі бір жоба, жоспармен жүргізілуі үшін осы бағыттағы атқарылатын іс-шаралардың басында жүрегі шын мәнінде қазағым, ұлтым деп соғатын, демография саласынан жан-жақты әрі мол хабары бар қазақ азаматтарының тұрғанын қалар едік.

Демографиялық тақырыпқа қозғалып отырған осы тақырып бүгінмен аяқтала салмайтыны анық. Ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайтын ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар өз ойларын, пікірлерін ортаға салады деп сенеміз.

25 ноября, 2007 Posted by | Демография | 2 комментария

Әліпбиімізге реформа жасау қажет

Ұлт пен тіл біртұтас. Тіл тағдыры — ел тағдыры. Жүрегі қазақ деп соғатын әрбір азамат өз ұлтының тіліне, болашағына бей-жай қарай алмаса керек. Бүгінгі таңдағы мемлекетіміздің жүргізіп отырған тіл саясатының негізгі мақсаты – қазақ тілінің шын мәніндегі мемлекеттік тіл деңгейінде қолданылуы болып отыр. Бұған байланысты көптеген пікірлер, ұсыныстар айтылуда. Солардың бірі, әрі маңыздысы – қазіргі қолданып жүрген әліпбиіміз туралы.

Ұлттық әліпбимемлекеттің ұлттық саясатының маңызды әрі ажырамас бөлігі болып табылады. Әліпбиді ұлттық саятаттан бөліп алып қарауға болмайды. Бүгінгі қолданып жүрген әліпбиіміз, қазақ әліпбиі шын мәнінде ұлттық сипатқа ие болуы тиіс. Қазіргі таңдағы ұлттық мүддеміз осыны қажет етеді. Ұлттық сана-сезімге әліпбидің де тигізер ықпалы болатыны анық, даусыз ақиқат. Ұлттық мүдде мен ұлттық сана-сезімнен әліпбиді бөлек алып қарау қателескендік болар еді. Әліпбиімізге ұлттық мүддеге сай келетін реформа жасау мемлекеттік тіл саясатына да өзіндік оң ықпалын тигізген болар еді.

Осы бағытта көптеген ғалымдар, тіл мамандары мен қайраткерлердің айтып жүрген ұсыныстары мен жоспарлары да әр түрлі. Бір ғалымдар көне түркі әліпбиіне көшу қажеттігі жайында сөз қозғаса, тағы да бір тіл жанашырлары Ахмет Байтұрсыновтың төте жазуына көшкеніміз дұрыс деп есептейді. Ғалымдардың үлкен бір тобы қазіргі замандағы дүние жүзілік ақпарат көзі болып отырған интернет жүйесіне шығу үшін латын әрпіне көшкенімізді қалайды, сол бағытты қолдап отыр. Бұл арада, латын әрпіне көшуіміз арқылы орыстың кирриллицасынан, яғни орыстың ықпалынан тағы да бір қадамға алыстай түсетінімізді де ойда ұстаған дұрыс. Бұқаралық ақпарат құралдарының мемлекеттік тілді қалыптастырудағы алатын орны мен тигізетін ықпалын да ескерген орынды. Қалай болғанда да барлығының да айтқанынан шығатын қорытынды – қазіргі таңда әліпбиімізге ұлттық мүддеге сай келетін реформа жасау. Менің қазақ тілі мен әдебиетінің тіл маманы ретіндегі өзімнің ойым – қазіргі қолданылып жүрген әліпбиімізге реформа жасауды кешіктірмей қолға алуымыз керек.

25 ноября, 2007 Posted by | Қазақ тілі | Оставьте комментарий

Hello world!

Welcome to WordPress.com. This is your first post. Edit or delete it and start blogging!

25 ноября, 2007 Posted by | Uncategorized | 1 комментарий