Baqytoral’s Weblog

Just another WordPress.com weblog

Қазақ ұлты үшін демография — ең өзекті мәселелердің бірі

Бүгінгі таңда қазақ ұлты үшін демография мәселесі ең өзекті мәселелердің бірі болып табылатыны шындық. Өзінің тарих жолында талай күрделі де қатал сын өткелінен өткен қазақ халқы өз жерінде отырып азшылыққа ұшыраған болатын. Кешегі кеңестік дәуірдегі ХХ ғасырдың 30 жылдарында қолдан жасалған зұлмат кезінде ұлтымыз ашаршылыққа ұшырап, саны жағынан көп кеміп кеткен болатын. Соның зардабын әлі де, әлі күнге тартып келе жатырмыз. «Мың өліп мың тірілген қайран қазағым» (Мақаш Тәтімов) өзінің демографиялық олқылықтарының орнын толтыруы үшін әлі де күрделі асулардан асуы қажет. Қазақтар өз жерімізде басым көпшілікке айналмайынша тіл мәселесі де, дін мен діл мәселесі де ойдағыдай шешімін тауып, біз күткендей нәтижені бере алмайды. Қазақстан Республикасының ұлттық құрамы бойынша қазіргі күнде қазақтар шамамен 60 пайыздық көрсеткішті құрап отыр. Кешегі кеңестік дәуірдегі зұлматты кезеңмен салыстырғанда бұл көрсеткішке шүкіршілік дегенімізбен де, санымыздың әлі де өсе бергені өте қажет.

Қазақтардың санын әлі де өсіріп, өз жерімізде басым көпшілікке айналуына шет елдегі қандастарымыздың да қосатын үлесі мол болатыны даусыз. Жүрегі қазақ деп соғатын, өз ұлтының болашағына бей-жай қарай алмайтын, ой-санасы сергек әрбір қазақ азаматы қазақтың санын тек Қазақстандағы қазақтармен ғана көбейту қиын болатынын түсінуі керек. Бұны Қазақстандағы қазақтардың қазіргі таңдағы табиғи өсімінен де байқауға болады. Сондықтан шет елдегі қандастарымызды, шет елдегі қазақтарды Қазақстанға көптеп тарту өте қажетті, өте игілікті іс-шара болып табылатыны анық.

Негізгі ой бұл жерде қайткенде де мемлекетімізде, Қазақстан Республикасында қазақ ұлтының санын көтеруде болып отыр. Шет елдегі қазақтарды, шет елдегі қандастарымызды Қазақстанға көптеп тарту арқылы сыртқы демографиялық қысымға бой бермеуге, төтеп беруге болады деген тұжырымға келеміз. «Қанына тартпағанның қары сынсын» демей ме қазақ. Қазақ ұлтының санын көтеру, демографиялық саясат мемлекет тарапынан белгілі бір жоба, жоспармен жүргізілуі үшін осы бағыттағы атқарылатын іс-шаралардың басында жүрегі шын мәнінде қазағым, ұлтым деп соғатын, демография саласынан жан-жақты әрі мол хабары бар қазақ азаматтарының тұрғанын қалар едік.

Демографиялық тақырыпқа қозғалып отырған осы тақырып бүгінмен аяқтала салмайтыны анық. Ұлт тағдырына бей-жай қарай алмайтын ақпарат құралдарының өкілдері, қоғам қайраткерлері мен саясаттанушылар өз ойларын, пікірлерін ортаға салады деп сенеміз.

25 ноября, 2007 - Posted by | Демография

2 комментария »

  1. жақсы жазыпсыз! Ұнады. Тек қазақ демографиясын сөз еткенде елімізде демограф мамандардың жоқтығы еске түседі. Шынын айтқанда Мақаш ағадан басқа басқа ешкім жоқ қой. Қазақ демографиясының ғылыми негізі қалай қаланып жатқанына қатысты пікіріңізді білгім келеді.

    комментарий от urimtal | 25 ноября, 2007

  2. Bakytoral blogyn kutty bolsyn.

    Әлемдегі қазақтың жалғыз отаны бар, ол ҚАЗАҚСТАН.

    Рахмет саған. http://www.atameken-asar.com

    комментарий от Zhaina | 27 ноября, 2007


Оставьте комментарий